Маңғыстауда "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы аясында үздік экобелсенділерді анықтау үшін байқау жарияланды. Бұл туралы Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Әсел Балманова айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Оның айтуынша, байқау аясында облыстан "Үздік экобелсенді", "Үздік аула сыпырушысы", "Үздік аула", "Үздік журналист немесе блогер" анықталады.
- Сонымен қатар жазғы демалыста макулатура жинау бойынша «Эко мектеп оқушысы» конкурсы іске қосылды және қоршаған ортаны қорғауға қосқан үлесі үшін адамдарға «Тану» сыйлығы тағайындалып жатыр. Мұның барлығы халықтың экологиялық сауатын арттырып, мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта да бұл жұмыстар жалғастырып, өңірімізді қоқыссыз қалаға айналдырамыз, - дейді Әсел Балманова.
Жалпы "Таза Қазақстан" акциясы наурызда басталды. Содан бері аймақта 1000 тонна қоқыс жиналды. Сонымен қатар акцияға қатысушылар заңсыз тасталған 25 га қоқыс үйіндісін толық тазартты.
Ғарыштық мониторинг деректеріне сүйенсек, Маңғыстау облысында 35 қоқыс орны табылған. Ал Ақтау қаласында 11 қоқыс үйіндісі анықталды. Осылайша, Ақтау ел бойынша ең таза қала атанып отыр.